Тоқаев Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Елдеріміздің жан-жақты ынтымақтастық стратегиясы одан әрі дами береді, - деді ол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды Түркияда өткен президент сайлауының екінші турындағы жеңісімен құттықтады.
Режеп Тайып Ердоғанды Түркияда өткен президент сайлауының екінші кезеңіндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын! Елдерімізді тарихи достық және ынтымақтастық байланыстар біріктіреді. Осы жан-жақты ынтымақтастық стратегиясы одан әрі дами береді, – деп жазды президент Twitter желісіне.
Еске сала кетсек, Түркияның Жоғары сайлау кеңесі президент сайлауының екінші турының қорытындысын жариялаған болатын.
Учаскелерде 99 пайыздан аса сайлау жәшігі саналды. Дауыс берудің нәтижесінде іс басындағы президент Режеп Тайып Ердоған сайлаушылардың 52,16 пайыз дауысын жинап, қайтадан мемлекет басшысы болып сайланды. Енді ол Түркияны 2028 жылға дейін басқарады.
Ал Ердоғанның басты қарсыласы болған Кемал Кылычтароғлы сайлаушылардың 47,84 пайыз дауысын алды.