×

Ердоған тағы да президент болып сайланды

Қазіргі іс басындағы мемлекет басшысы халықтың 52,16 пайыз дауысын жинады

 Дастан Жұмабекұлы 29.05.2023 | 08:24
фото: ашық дереккөз

Түркияның Жоғары сайлау кеңесі (орталық сайлау комиссиясы) президент сайлауының екінші турының қорытындысын жариялады. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады.

Учаскелерде 99 пайыздан аса сайлау жәшігі саналды. Дауыс берудің нәтижесінде іс басындағы президент Режеп Тайып Ердоған сайлаушылардың 52,16 пайыз дауысын жинап, қайтадан мемлекет басшысы болып сайланды. Енді ол Түркияны 2028 жылға дейін басқарады.

Ал Ердоғанның басты қарсыласы болған  Кемал Кылычтароғлы сайлаушылардың 47,84 пайыз дауысын алды.

14 мамырда өткен сайлаудың бірінші турында кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз дауыс жинай алмады. Бірінші турда Түркияның іс басындағы президенті Режеп Тайып Ердоған – 49,52%, оппозициялық Халық-республикалық партиясының көшбасшысы Кемаль Кылычдароглу – 44,88%, «Альянс АТА» блогынан кандидат Синан Оган – 5,17%, «Отан» партиясының өкілі Мухаррем Индже 0,43% алды.

Ердоған осымен тағы да Түркияның президенті болып сайланды. Ол 2014 жылдан бері мемлекет басшысы болып келеді. Бұған дейін ол 1994-1998 жылдары Стамбул қаласының мэрі, 2003-2014 жылдары премьер-министр қызметін атқарды.

Ердоғанға екінші турада дауыс бергендердің көбісі Сириядан келген босқындар деседі. Олар Түркияның азаматтығын алып, осылайша алғысын білдірген көрінеді. Ал Ердоғанның аьсты қарсыласы болған Кемаль Кылычдароглу сириялық босқындарды Анадолы елінен көшіріп жіберу керек деген еді.  Соған қарағанда, Ердоғанның шешуші дауыстарын Түркияның азаматтығын алған сириялық босқындар алып берген сияқты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама