Ақтөбеде кооператив ретінде тіркелген қаржы пирамидасы әшкере болды

Халық үні

Биыл Қазақстанда 3 мыңнан астам адам қаржы пирамидасына алданған

скриншот: әлеуметтік желі

Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті мамандары GAP деп аталатын қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегін анықтады.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 217-бабы 1-бөлігі «Қаржы пирамидасын құру және басқару ісі» негізінде сотқа дейінгі тергеу басталған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында ұйымдастырушылар өздерін GAP тұтыну кооперативі ретінде танытып, тұрғындарға ақшаларын жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға салуды ұсынған. Ол үшін азаматтар кезекке тұру мақсатында тұрғын үй немесе автокөлік құнының 10% бастапқы жарнасын төлеуі қажет. Осылайша, ұйымдастырушылар қаржы пирамидасына активтерді тартуды қамтамасыз еткен.

Еске салайық, бұған дейін GAP қаржы пирамидасының Қостанай және Шымкент қалаларындағы филиалдарының қызметі тоқтатылған еді.

Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов биыл 3 мыңнан астам адамның қаржы пирамидасына алданғанын, қазір 65 қылмыстық іс қаралып жатқанын айтты.