Бахмутты қоршауға аламыз – Украина генералы
Джо Байденнің айтуынша, бұл қалада Ресей әскері 100 мың адамынан айырылған
Украинаның Бахмут қаласында әлі қиян-кескі шайқас болып жатыр. Қаланың басым бөлігін Ресей әскері басып алғанымен, кейбір аудандары украин жауынгерлерінің қарамағында. Бұл туралы Украинаның Әскери күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Александр Сырский айтты.
Бахмуттың аз ғана бөлігі қарамағымызда. Қаланы тактикалық тұрғыда қоршауға алуға тырысып жатырмыз, – деді ол.
Ресей президентінің баспасөз қызметі бұған қарама-қайшы мәмілдеме жасады. Кремль РФ Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, ресейлік әскерилер Бахмутқа толығымен иелік етіп отырғанын хабарлады. Осыған байланысты Ресей басшысы Владимир Путин қаланы басып алған әскерлерін құттықтады.
Бұл қаланың стратегиялық маңызы зор. Яғни, ол екі жақтың қарулы күштері үшін маңызды көлік торабы болып саналады.
Бүгін Украинада қаза тапқан Ресей сарбаздарының саны тағы жаңарды. Қолда бар дерекке қарағанда, украин даласында 203 880 РФ басқыншылары қырылып қалған. Ал АҚШ президенті Джо Байденнің айтуынша, бір Бахмутты басып алу үшін Ресей әскері 100 мың адамынан айырылған.
Кешеден бері Украинаның Қарушы күштері қарудың түр-түрімен Ресей әскері басып алған жерлерді атқылап жатыр. Херсон облысының оккупацияланған аймағындағы ресейліктердің қоймасы жарылды. Одан кейін Донецк облысындағы басқыншылардың оқ-дәрі қоймасы атқыланды. Сосын украиндар РФ әскерінің Мариупольдегі оқ-дәрі қоймасын жарып жіберді.
Бүгін АҚШ және оның одақтастары Украинаға F-16 ұшағын беру туралы жоспарды талқылай бастады. Құрама штаттағылар Украина әскері Қырымды атқылауға құқылы екенін айтты. Вашингтон Қырымды Украина аумағы санайтынын, сол себепті Украина оны азат ету жолында қандай қару қолдану керектігін өзі біледі деп мәлімдеді.
Ал Норвегия Украинаға М270 деген дүркіндетіп ататын реактивті кешен беретін болды. Бұл – әйгілі HIMARS-тың бір баламасы.