Министрлік өкілдері шекарада «құпия сатып алушы» болып жүретін болды

Еркеғали Болатұлы

Уақытқа, шығынға және процедураларға баса мән беріледі

фото: ашық дереккөз

Сауда және интеграция министрлігі отандық өнімді экспортқа шығаруды тежейтін кедергілерді анықтау үшін өткізу бекеттеріне «құпия сатып алушы» жіберетін болды.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, министрлік қазір экспорттағы сауда процедураларын жеңілдету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Біз өткізу бекеттеріне «құпия сатып алушы» ретінде бару практикасын бастап жатырмыз. Ондағы мақсат – отандық өнімнің экспортын бөгейтін рәсімдерді анықтау. Уақытқа, шығынға және процедураларға баса мән беріледі, - деді вице-министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол бұл жұмыстың нәтижелері Үкіметке экспорттаушылар үшін шекарадағы қазіргі жағдайды жақсартуға, экспортты ілгерілету үшін ұлттық практиканы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі деп отыр.