Halyq Uni логотип
×

«Жер астына кету қаупі төніп тұр». Ясауи кесенесінің жай-күйін зерттеуге 317 млн теңге бөлінді

Биыл мавзолейде ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі

 Дәурен Ерболат 17.05.2023 | 11:05
«Жер астына кету қаупі төніп тұр». Ясауи кесенесінің жай-күйін зерттеуге 317 млн теңге бөлінді
Фото: e-history.kz

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутатының Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мүшкіл жағдайда тұрғанына қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұрғанын айтып, сауал жолдаған болатын.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, бүгінде мавзолейдің ылғалдану жағдайы бойынша зерттеу-зерделеу жұмыстары қолға алынған.

2022 жылы кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылды. Мүдделі министрліктердің қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары Түркістан қаласында болып, жерасты, жерүсті (суару, жасанды канал) суларының кесенеге ықпалына алдын-ала зерделеу жүргізді, - деп жазылған Үкімет басшысының орынбасары жазған хатта.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғаларынан алынған кірпіш, сталактит, құм қоспасының физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау бойынша лабораториялық зерттеулер жасалған.

«Биыл 28 наурызда кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өткіздім. Нәтижесінде мүдделі мемлекеттік органдарға кесененің жағдайының нашарлауын анықтау бойынша тиісті институттар мен мамандарды тартып, зерттеу жұмыстарын тездету, оған іргелес орналасқан Яссы бағын пайдалануға беру барысында ғалымдар мен мамандардың ұсынымдарына сәйкес жасыл желектерді суару нормаларын сақтау және тағы басқа тапсырмалар берілді», - деді Алтай Көлгінов.

Ол кесененің жай-күйін зерттеу жұмыстарына биыл бірнеше ғылыми ұйым қатысатынын атап өтті.

2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталды. Осы жоспар шеңберінде кесененің жағдайын әртүрлі бейімдегі ғылыми-зерттеу институттары 2023 жылы зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылыми зерттеу жұмыстарына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, У. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты, ботаника және фитоинтродукция институты, «Қазқайтажаңарту» мекемесі, Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы қатысады, - деді ол.

Мавзолей 8 дәлізбен тарайтын 35 бөлмеден тұрады, оның биікті – 40 метр.

Осыған байланысты ауқымды ғимараттың техникалық жағдайын сүйемелдеп отыру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы қарастырылады. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінді, - деп жазылған хатта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама