×

Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайы мүшкіл – Мақсат Толықбай

Мавзолейге жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр

 Дәурен Ерболат 20.04.2023 | 14:56
Фото: kazaknews.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдап, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мүшкіл жағдайда тұрғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

AMANAT партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде еліміздің түкпір-түкпірін аралап, сапарын киелі Түркістан өңірінен бастаған еді. Сол сапар барысында біз шұғыл шешуді талап ететін бір ұятты жағдайды көрдік. Ол – қазақ мемлекетінің ғаңа емес, әлемнің тарихында ойып тұрып орын алған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, VI ғасырдан аса уақыттың куәсі болып, мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайы, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр.

«Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетінде қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді.

Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік мамандардың дабылына құлақ асар емес, - деді Мақсат Толықбай.

Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттемей, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей.

«Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жылтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан. 2021-2022 жылдары аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «қанағаттанарлық» деп қана баға берген.    

Мінекей, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр, - деді депутат.

Ол мәселеге премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің назар аударуын сұрады.

«Бүгін біз VI ғасырдан асатын уақыт күллі Түркі-Тұран халқының ұлы жәдігері, Қазақ мемлекетін сан ғасырлық сынақтардан аман алып, өткен хандар мен билердің, батырлар мен қайраткерлердің пантеоны – Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтауға міндеттіміз. «Маңғыстауда – пір Бекет, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жер астына жіберіп алсақ, 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Біз көтерген мәселе 2023 жылғы 10-25 қыркүйекте Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда арқаны кеңге салып, күтіп отыратын уақыт жоқ. 

Алтай Сейдірұлы, мен сізден кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама