×

Әлемді мейірім құтқарады: Роза Бағланованың хрусталь ыдысы 2 млн теңгеге сатылды

Жиналған қаржы ауыр сырқатқа шалдыққан жандардың игілігіне жұмсалмақ

 Ая Өміртай 14.05.2023 | 14:30
фото: Нұрдәулет Әбікеев

12 мамырда қайырымдылық кеші аясында Rotary Club Astana қолдауымен фотограф Оспан Әлидің AqJaima авторлық көрмесі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қайырымдылық кеші аясында жиналған қаржы хоспис қызметкерлері үшін арнайы көлік сатып алуға жұмсалатын болады. Мұндай көлік өмірлік ауыр дертке шалдыққан науқастарға үйде жедел көмек көрсетуге әрі алып жүруге ыңғайлы жабдықталған.

Астана қаласындағы хоспис – сырқатқа шалдыққан науқастарға лайықты күтім мен қызмет көрсететін мамандандырылған медициналық ұйым. Бүгінде аталған орталықта 130-ға тарта науқас ем алып жатыр.

Аталған игі іске бастамашы болып отырған Rotary Club Astana президенті Әсем Малгелдинова орталық емделмейтін науқастардың ақтық сапар алдындағы соңғы күндеріне лайықты жағдай жасау үшін кез келген ерікті донорлықты ризашылықпен қабылдайтындығын айта келе, қайырымдылық кешінің мақсаты жөнінде әңгімелеп берді.

Біз ниетті жандардың басын қосып, хосписке көмектескіміз келеді. Қазақ халқы ежелден қарттары мен жетім-жесірін көшеде қалдырмаған. Біздің клуб балалардың болашағы үшін көптеген мүмкіндіктерді іске асырып келеді. Мәселен, Астанада балаларға арналған екі инклюзивті саябақ салдық. Тұрақты түрде біз балалар үйіне керек-жарақтарды сатып аламыз. Бірақ біз тек балаларға ғана тоқталмай, қарттарға да қолдау қажеттігін назарға алып отырмыз. Хосписте ауыр сырқаттан қайтыс болған мүгедек, қарт адамдар бар. Біз олардың өмір сүретін соңғы күндерін барынша жақсартқымыз келеді, - деді Rotary Club Astana президенті Әсем Малгелдинова.

Кеш қонақтарын қарсы алған AqJaima фотокөрмесі хоспис емделушілерінің өмір тарихынан сыр шертеді, сондай-ақ сондағы медбикелер мен дәрігерлердің қажырлы еңбегін бейнелейді. Фотосурет индустриясында өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерген фотограф бұл жолы да үнсіз суретке тіл бітірген. Көрме кейіпкеріне айналған фотосуреттегі бейнелер жан түкпіріндегі естеліктерге жүгіне отырып, камера объективі арқылы өз өмірлерінің шындығы тұрғысынан тіл қатады.

Ақжайма – жеке өміріміздің көпшілікке көріне бермейтін жағы. Ақ жайманың үстінде шынайы сезімдеріміз сақталады. Хоспис төсектеріндегі түрлі ақжаймаларды көргенімде, мен адамдардың тағдырына куә болдым. Өмір сүргісі келетін адамдардың тағдырын көрдім. Әрине, ерекше жағдайдағы тағдыр иелерімен тілдесу оңай соққан жоқ. Ақ жайманың үстіне жатып, түрлі сезімді бастан кешеміз. Адам баласы ақ жайманың үстінде туып, кебінмен жер қойнына кетеді. Өміріміздің әр кезеңінде оның орны бөлек, -  дейді Оспан Әли.

Қайырымдылық балындағы аукционда барлығы 17 миллион 240 мың теңге жиналды. Ең қымбат лот қазақтың біртуар әншісі Роза Бағланованың жеке вазасы болды.

Роза апамыз көзі тірісінде дастарханға қажетті әдемі ыдыс-аяқтарына өте мұқият қараған. Ол кісінің дастарханынан әлемге әйгілі небір тұлғалардың өзі ас ішкен. Қазір апамыздың барлық тұтынған заттарын музейге өткіздік. Бірегей хрусталь вазаны жақсы ырыммен қайырымдылық мақсатында лайықты адамның қолына тапсыруды жөн көріп отырмыз, - деді кешке арнайы қатысқан әншінің келіні.

Жақсының көзіндей болған көне бұйымды астаналық кәсіпкер 2 миллион теңгеге сатып алды. Бұл ретте аукционға белгілі суретшілердің картиналары, ФИФА президенті Джанни Инфантино қол қойған доп, Батырхан Шүкенов пен Димаш Құдайбергеннің лоттары қойылды.

Сонымен қатар эстрадалық музыканың есті орындаушысы Құрмаш Маханов сыршыл әндерімен тыңдарман қауымның көңіл төрінен орын алды.

Айта кетелік, 13-21 мамыр аралығында аталған көрме «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында өтіп жатыр. Көрмені ниет білдірген кез келген астаналық тамашалай алады әрі Rotary Club Astana шоттарына донат төлеп, хосписке қолдау көрсетуіне тамаша мүмкіндік болмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама