×

Петропавлда айып тұрағына қойылған бес көлік өртеніп кетті

Соңғы бір тәулікте облыс бойынша 52 өрт оқиғасы тіркелген

 Самат Жақып 15.04.2022 | 09:32
фото: Halyq Uni

Еліміздің солтүстігінде өрт оқиғалары жиілеп кетті. Соңғы бір тәулікте облыс бойынша 52 өрт оқиғасы тіркелген. Петропавлда қураған қамыстан шыққан өрт қала шетінде орналасқан мамандандырылған айыппұл тұрағына жетіп, онда бес бірдей көлік жанып кетті.

Кеше сағат 16:30-да Северная көшесі 1Б мекен-жайында қамыс өртеніп жатқаны жайында хабар жеткен. Өртті сөндіруге 8 техника мен 43 адам жұмылдырылды. Қатты желдің салдарынан от 3 гектар аумаққа жайылды. Тіпті Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарайтын айыппұл тұрағына дейін жеткен. Айып тқрағында 300-ден темір тұлпар қойылған. Олардың қатарында контрабандалық жолмен кірген көліктер де бар.

«Өртеніп жатқан аумаққа жолдың болмауы және қатты жел жағдайды қиындатып жіберді. Қамыстан шыққан өрт жақын маңдағы айып тұрағына ауысты. Бұл нысан Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарайды. Тұрақта тұрған бірнеше көлік өртеніп кетті. Өрт шамамен 3 гектар аумаққа жайылды. Қазір бұл факті бойынша тергеу тобы жұмыс істеп жатыр», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Айта кету керек, айып тұрағында үш күннен бері электр жарығы жоқ. Электр қуатының болмауынан видеобақылау камералары да жұмыс істемей тұр.

Әзірге айып тұрағында өртенген көліктердің иелері анықталған жоқ. Оларға қандай да бір өтемақы берілетіні туралы ақпарат жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама