×

«Сыммен қылқындырған»: Оралда қонақүйде ер адамды өлтірген қыз 10 жылға сотталды

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтейді

 Халық үні 05.05.2023 | 20:33
ашық дереккөзден

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бақтыгүл Иратқызына қатысты үкім шықты.

Аталмыш соттың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Б.Иратқызы ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес айыпты деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Судья Шара Зайнуллина қараған сот барысында анықталғанындай, қонақүй бөлмесінде алкогольдік ішімдік ішу барысында Н.Иманбаев сотталушыға ұсыныс жасап, жыныстық қатынасқа түсуге итермелеген. Бұған қатты ашуланған Б.Иратқызы жарық шамның сымын алып, еденде отырған жәбірленушінің мойнынан екі рет орап, қылғындырып өлтірген.

Сотта Б.Иратқызы кінәсін ішінәра мойындап, өлтіру ойы болмағанын, «оқиға абайсызда болды» деп болған іске шын ниетпен өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушының жәбірленушіні қасақана өлтірудегі кінәсі оның сотқа дейінгі және сотта берген жауаптарымен, оқиға болған жерді тексеру және нақтылау, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, куәлардың, сарапшылардың және басқа да іс материалдарымен дәлелденген.

Б.Иратқызының қылмысы аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама