Halyq Uni логотип
×

Ералы Тоғжанов өңірдің барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарын тексеруді тапсырды

Сондай-ақ мұндай жағдайларға жол бермеу үшін жол картасы әзірленетін болады

 Динара Амантай 02.05.2023 | 16:38
Ералы Тоғжанов өңірдің барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарын тексеруді тапсырды
Фото: Ақтөбе обл. ТЖД баспасөз қызметі

Ералы Тоғжанов өңірдің барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарын еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тексеруді тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, Ералы Тоғжанов Мұғалжар ауданындағы Жаңажол кен орнына барып, 1 мамырда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында жеңіл көмірсутектер алу қондырғысында болған өрттің салдарын қарап шыққан. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен шұғыл жиын өткізді. Оған еңбек инспекциясы басқармасының, ТЖД және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Облыс әкіміне аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 292-бабы («Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, тергеудің басталғаны баяндалды.

Бұл – салдармен күресу. Оқиғаның себептерін анықтау қажет. Өндіріс технологияларын, қауіпсіздік техникасын сақтамау негізгі мәселе болып қалады. Бұдан басқа да мәселелер бар. Аталған жағдай бойынша комиссия құрылды. Компания басшыларын, орындаушыларды жауапкершілікке тарта отырып, барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарға толық тергеу, тексеру жүргізіңіз. Сондай-ақ мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша жол картасы әзірленетін болады, - деді облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов ТЖД қызметкерлеріне өртті сөндіру және жалынның басқа нысандарға таралмауы бойынша көрсеткен жеделдігі мен кәсібилігі үшін алғысын білдірді. Өртке қарсы іс-шараларға 52 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов өрт кезінде күйік шалған 4 жұмысшының жағдайын білу үшін Темір ауданының Кеңқияқ ауылындағы ауруханаға барды. Дәрігерлерден зардап шеккендерге қандай ем-дом шаралары көрсетіліп жатқанын білді. Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқаны белгілі болды.

Облыс әкімі зардап шеккендердің туыстарымен кездесіп, барлығының санавиациямен Ақтөбедегі медициналық мекемелерге жеткізілетінін алға тартты

Серіктес жаңалықтары

Сараптама