×

Ақтөбе облысында газ өңдеу зауытындағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Өңір басшысы тексеруді мұқият жүргізуді тапсырды

 Динара Амантай 02.05.2023 | 13:11
Фото: Ақтөбе обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы №2 газ өңдеу зауытында болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңір басшысы Ералы Тоғжанов Жаңажол кен орнына барып, кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлермен шұғыл жиын өткізген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев мән-жайды баяндады.

«Семсер» ЖШС-нің өрт сөндірушілері оқиға орнына 3 минутта жетті. Оның ішінде 4 техника, 20 адам бар. Олар өрттің шығу себептерін анықтамас бұрын гидранттарға көліктерді қойып, оларды суыту жұмыстарын бастады. Облыстық ТЖД-ға хабар келгеннен кейін Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан техника жіберілді. Өзіміз тікұшақпен сағат 05:00-де ұшып келдік. Өрт таңғы сағат 06:20-да толық сөндірілді. Қазір себептері анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Біріншіден, күйік шалған адамдардың сауығып кетуін тілейміз. Солар арқылы өрттің шығу себебі анықталады, – деді Марғұлан Аманбаев.

Өңір басшысы тексеруді мұқият жүргізуді тапсырды.

Өрт сөндірілді, оның салдарын тексеру керек. Қылмыстық істі тергеу кезінде әрбір жұмысшы қызметін тексеріп, тұжырым жасалуға тиіс. Болашақта мұндай жағдай болмас үшін жол картасы жасалуы керек, – деді Ералы Тоғжанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында газ өңдеу зауытынан өрт шыққанын хабарлаған болатынбыз. Оның салдарынан денесін күйік шалған 4 жұмысшы тез арада Темір ауданы орталық ауруханасына жатқызылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама