×

Алматыда 2 мамырдан бастап балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге тіркеу басталады

Бүгінде пайдаланушыларға қосымша мүмкіндік пен ыңғайлы жағдай ұсынатын жаңа ақпараттық жүйеге көшу аяқталды

 Динара Амантай 25.04.2023 | 09:57
Фото: aptamedia.kz

Биыл 26 сәуірден бастап Алматыда мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орындау үшін жеткізушілерден өтінім қабылдау басталады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде пайдаланушыларға қосымша мүмкіндік пен ыңғайлы жағдай ұсынатын www.damubala.kz атты жаңа ақпараттық жүйеге көшу аяқталды.

Биыл 3 наурыздан бастап Алматы әкімдігі мемлекеттік шығармашылық және мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру үшін өкілеттікті аудан әкімдіктеріне берді. Мемлекеттік тапсырысты үйлестіруді аудандарға беру бағдарламаны іске асыру кезіндегі көптеген кемшіліктің алдын алады. Мысалы, бұған дейін тегін секциялар мен үйірмелерді тіркеу және дұрыс көрсетпеу фактілері кездескен.

26 сәуірде сағат 9:00-ден бастап операторлар бағдарламада бұрын жұмыс істегендер мен жаңадан қосылушылар үшін жеткізушілердің жұмысына кәсіпкерлерден өтінім тіркеуді бастайды.

2 мамырда сағат 18:00-ден бастап ата-аналар порталдағы үйірмелер мен секцияларға қатысу үшін балаларын тіркей алады.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидасының 12-тармағына сәйкес, өтінім қарау және ваучерлерді бөлу оператордың биылға арналған бюджетінде көзделген мемлекеттік тапсырыс үшін қаражат көлемі толық бөлінген кезде аяқталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама