Кореядағы қазақстандықтардың құқығын қорғау үшін келіссөз жүргізіледі – СІМ

Дәурен Ерболат

Кездесуде өзекті мәселелер талқыланады

коллаж: Halyq Uni

Сеулде Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау үшін келіссөз жүргізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігіің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл сәуірде Сеул қаласында Қазақстан мен Корея Республикасының сыртқы саяси ведомстволар арасында консулдық консултациялардың 7-раунды өтеді.

Іс-шарада Корея республикасындағы Қазақстан азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғау, оның ішінде еңбек рұқсаттары жүйесін құру мәселелерін талқылау жоспарланып отыр, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ведомство өкілінің айтуынша, қос тарап Қазақстан мен Оңтүстік Корея үкіметтерінің арасында еңбек мигранттарының (қазақстандықтар) қызметі және олардың құқығын қорғау келісім жобасын қарайды.

Еске салайық, 24 наурызда Инчхон әуежайында паспорттық бақылауды өту кезінде Ташкент арқылы барған Қазақстанның екі азаматына Оңтүстік Кореяға кіруге рұқсат берілмеді.

Олар депортациялауды күту үшін арнайы бөлмеге орналастырылған. Алайда түнде қазақстандықтар қашып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. 26 наурызда заң бұзған қазақстандықтың бірі ұсталды, ал 29 наурызда екінші қазақстандық кінәсін мойындап, өз еркімен берілді. Ұсталған қазақстандықтарға Корея Республикасының заңын бұзу бойынша 3 айып тағылады.