×

Оңтүстік Кореяда ұсталған қазақстандықтарға қандай айып тағылғаны белгілі болды

Инчхон қаласында ұсталған қазақстандықтар 3 ай қамауда отырады

 Дәурен Ерболат 10.04.2023 | 16:36
фото: instagram.com/korea_komek

Оңтүстік Кореяда ұсталған қазақстандықтарға үш түрлі айып тағылған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

24 наурызда Инчхон әуежайында паспорттық бақылауды өту кезінде Ташкенттен келген екі Қазақстан азаматына Оңтүстік Кореяға кіруге рұқсат берілмеген.

Олар депортациялауды күту үшін арнайы бөлмеге орналастырылған. Алайда түнде қазақстандықтар қашып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. 26 наурызда заң бұзған қазақстандықтың бірі ұсталды, ал 29 наурызда екінші қазақстандық кінәсін мойындап, өз еркімен берілді, - деді СІМ ресми өкілі.

Қазір заң бұзған қазақстандықтар Инчхон қаласы көші-қон орталығындағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес, тергеу шаралары үш айға дейін созылуы мүмкін. Іс прокуратураға жіберіледі. Осыған байланысты тергеу мүддесі үшін Оңтүстік Кореяның құзыретті органдары істің егжей-тегжейін ашпай отыр. Ұсталған Қазақстан азаматтарына Корея Республикасының заңын бұзу бойынша 3 айып тағылады:

  • Эмиграциялық бақылау туралы заңды бұзу, елге заңсыз кіру;
  • Эмиграциялық бақылау туралы заңды бұзу, елде заңсыз болу;
  • Әуежай объектілері мен оның ғимараттары туралы заңды бұзу.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдары және ұсталған қазақстандықтардың туыстарымен тұрақты байланысып отыр.

Сондай-ақ СІМ ресми өкілі Кореядағы Қазақстан азаматтарын жаппай жұмыстан шығарып жатыр деген мәліметтің жалған екенін атап өтті.

Кореяда Қазақстан азаматтарын жаппай жұмыстан шығарылып жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бұл оқиға ресми жұмыспен қамтылған Қазақстан азаматтарына әсерін тигізбеген, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Кореяда жұмыс беруші рәсімдейтін арнайы рұқсат пен визаның болуы негізінде ғана жұмыс істеуге болады. Жұмысқа тұрудың басқа жолдары заңсыз болып есептеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама