×

Алматыда заңсыз салынған бірқатар тұрғын үй кешендері анықталды

Олар бойынша құрылысқа қажетті толық құжаттар пакеті жоқ

 Динара Амантай 21.04.2023 | 16:46
Фото: turkystan.kz

Алматыда пәтерлерін сатып алуға кеңес берілмейтін тұрғын үй кешендерінің саны артып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, келесі тұрғын үй кешендерінің құрылысқа қажетті толық құжаттар пакеті жоқ:

Теректі шағын аудынында Айналмалы көшесі, 183 мекенжайында орналасқан ORDA CITY кешені. Тапсырыс беруші – «Investment Stroy» ЖШС. ТҮК-тің құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама және жоба алдындағы құжаттамасы жоқ, учаскені пайдалану мақсаты – ЖТҮҚ. Басқарма құрылыс салушыға ҚР ӘҚБтК 316-бабының 1-бөлігі және 321-бабы бойынша шаралар қабылдап, құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарды. Сонымен қатар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қазаншұңқырды бұзу және қайта толтыру туралы талап арыз жолдады.

Мәдениет шағын ауданы, 185/8 мекенжайы бойынша орналасқан Dostar Deluxe тұрғын үй кешені. Тапсырыс беруші – «Ашинов» ЖК. Кешеннің эскиздік жобасы келісілмеген, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарламасы жоқ. ТҮК-ке қатысты ҚР ӘҚБтК 316-бабының 1-бөлігі және 321-бабы бойынша шара қабылданды.

Ремизовка шағын ауданы, 7-жол 71-учаске мекенжайында орналасқан Verona кешені. Тапсырыс беруші – 5 жеке тұлға. Кешеннің құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарламасы және жоба алдындағы құжаттамасы жоқ.

Айта кету керек, бүгінде азаматтардың заңсыз тұрғын үй кешендерінен пәтер алу фактілері тұрақты түрде анықталып жатыр. 3 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер үшін үлескерлерден қаражат тартуға рұқсат талап етілмейтін қолданыстағы заңнаманы пайдаланып, жосықсыз құрылыс салушылар жылжымайтын мүлік сатып алушыларды жаңылыстырады.

Бұл ретте әкімдік өкілдері жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын қала құрылысын бақылау басқармасының +7 (727) 229-81-36 сенім телефонына хабарласып, салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі құжаттардың толық пакетін тексеруді ұсынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама