Halyq Uni логотип
×

Жаңаөзендегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Үйінді астынан барлық адам шығарылды

 Дәурен Ерболат 17.04.2023 | 13:11
Жаңаөзендегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жарылыстан 4 адам көз жұмды.

«Сағат 10:45-тегі жағдай бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 8 бала бар. 6 адам ауруханаға жатқызылса, 7 адам үйге жіберілді. Жарылыс кезінде 3 пәтер қирады. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылды. Бүгінде үйінділерді тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы толық анықталады. Оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді, - деді Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, ауруханаға жатқызылғандардың барлығы травматология бөлімшесінде емделеді.

Жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізілді, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы апат салдарынан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты.

Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі. Жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттың салдарын жоюға көмектескен еріктілер мен тұрғындарға алғыс айтамын. Қазір барлық адам үйінділерден шығарылды, - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске сала кетсек, кеше Жаңаөзенде жарылыс болып, 11 адам зардап шеккен еді. Содан кейін жедел штабтың құрылғаны хабарланды. Сондай-ақ жарылыс салдарынан зардап шегіп, үйсіз қалған жаңаөзендіктерге пәтер берілетін болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама