Киіктерді қорғау үшін мобильді топтар құрылды – ІІМ

Дәурен Ерболат

Заң бұзғандар 7 млн теңге айыппұл төлейді немесе 12 жылға сотталады

Фото: egemen.kz

Қазақстанда киіктерді заңсыз аулудан қорғау үшін мобильді топтар құрылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елімізде «Браконьер» акциясы өтіп жатыр. Іс-шараны Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктері бірлесіп өткізуде.

Қазақстанда киіктерді қорғау акциясы басталды. Ол үшін Экология министрлігінің қызметкерлері мен полицейлер бірлесіп, 203 мобильді топ құрды. Операция барысында аңшылық шаруашылықтары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің аумақтары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тексеріледі, - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол киіктерді атқандарға ауыр жаза барын ескертті.

Киіктерді заңсыз аулау, өндіру, сатып алу, сақтау, өткізу, тасымалдау үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, - деді ІІМ өкілі.

Сондай-ақ заң бұзғандарға 7 млн теңге айыппұл салынады.