Бұған дейін депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынды
Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір ондай шешім қабылданған жоқ. Депутаттардың ұсынысы берілді. Енді оны бірге талқылаймыз. Алайда мұқтаж азаматтарды көмексіз қалдырмауымыз керек. Бірақ жұмыс істегісі келетін адамдарға кәсіби қабілеті мен біліктілігін арттырып, оқыту керек болса, оқытып, жаңа жұмыс ұсынуымыз керек, - деді Алтай Көлгінов мұнай-газ жасау саласын дамыту форумының кулуарында.
Премьер-министрдің айтуынша, жыл сайын атаулы әлеуметтік көмекті беру тәсілі жетілдіріледі.
«Мысалы, бірнеше жыл бұрын аз қамтылған отбасыларға (адам басына) 6 мың теңге болса, қазір ол – 12 мың теңге. Мақсатымыз мұқтаж азаматтар қолдау көрсету, ал жұмыс істей аламын деген азаматтарға жұмыс істеуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Осылайша, біз мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтып, нақты мұқтаж азаматтарға (көмек) береміз», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін депутаттар көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастауды ұсынды.
«Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды. Өйткені оны алу процесі күрделі және қорлау түрінде жүзеге асырылады. АӘК-ге үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Әдетте әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан салын суға жібереді. АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ», - деген еді депутат Гауһар Танашева.