GGG соңғы жеңісінен кейін әлемдік рейтингте көш бастады

Ербол Тұрымбет

Рейтинг салмақ дәрежесіне қарамастан, барлық боксшыларға қатысты түзілген

фото: talksport.com

Boxrec.com сайты жаңартылған рейтингіні жария етіп, онда қазақстандық Геннадий Головкин көш бастады.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) Жапонияның Сайтама қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде Риота Муратаны (16-2, 13 КО) 9 раундта нокаутқа жіберді.

Осы жеңісінен кейін Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) BoxRec рейтингінде салмақ дәрежесіне қарамастан, барлық боксшылар арасында 698.6 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.

Мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 КО) 678.4 ұпаймен екінші сатыда. Америкалық Теренс Кроуфорд (38-0, 29 КО) 524.0 ұпаймен әлем боксшылары арасында үздік үштіке енді.

GGG мен Мурата кездесуінен кейін жүргізуші Головкиннен Альвареспен үшінші жекпе-жек туралы ойын сұрады.

«Менің ойымша, бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Біздің келесі жекпе-жек қалыс қалмайды. Мамырдың соңына дейін жағдайды білгім келеді», - деп жазды vRINGe.com Головкиннің сөзін.

Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы трилогия қыркүйекке жоспарланған. Головкин мен «Канело» 2017 және 2018 жылдары кездесті. Алғашқы жекпе-жек тең нәтижемен аяқталып, екінші кездесуде мексикалық жеңіске жетті.

«Канело» 7 мамырда ресейлік Дмитрий Биволмен жекпе-жек өткізгелі жүр. 

Бүгін Головкин желіде видео жариялап, жанкүйерлеріне тағы да алғыс айтты.

«Жапония халқына қонақжайлық пен бізге танытқан ыстық ықыласы үшін, жоғары дәрежеде ұйымдастырылған әдемі бокс кеші үшін алғыс айтамын. Мені қолдаған барша жанкүйерлеріме шексіз рахмет», - деді ол жеке парақшасында.