×

«Жатқан жерінде денесінде қаны қатып қалған»: Заманбек Нұрқаділовтың бәйбішесі оның қазасы туралы айтты

Нұрбике Нұрқаділова өзіне Заманбек Нұрқаділовтың қазасы жайлы қаралы хабарды ұлы Қайрат жеткізгенін айтады

 Халық үні 13.04.2023 | 00:19
Фото: taulik.kz

Нұрбике Нұрқаділова Youtube-тегі «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұқбатында бұрынғы күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің қайтыс болатынын түсінде көргенін айтып берді.

Нұрбике Нұрқаділова өзіне Заманбек Нұрқаділовтың қазасы жайлы қаралы хабарды ұлы Қайрат жеткізгенін айтады.

«Ұлыма әлгі келіншектің (Мақпал Жүнісова - авт) әпкесі ме, сіңлісі ме жұмысына звандапты. «Әкең атылып кетті» депті. Содан ол маған хабарласты. Мен бір жерде қонақта отырғанмын. «Неге атылады ол, неге атылған» деп айғайлап атып тұрдым. Өйткені оған дайын болмадым. Неге екенін, ауырып жүрген адам ғой, аурудан көз жұматын шығар дейтінмін іштей. Бұл - сенбі күні. Мен жұмада таң ата түс көрдім. Зәкең Бақанастағы бауырымның үйінің шарбағы жанында тұр екен. Мен көліктен түсіп жатқанмын: «Мына кісі кетіп қалып еді ғой, неғып тұр мұнда» деп ойлаймын. Үйге кіріп кетейін десем, ұятым жібермеді. Содан жақындап, үйге кір деп айтайын деймін. Ал ол кісі екі бетімнен кезек-кезек сүйеді. Сол кезде оянып кеттіппін. Таңғы 4-5 кезі екен. Терезенің жанына келіп, тау жаққа қарап: «Ойпырмай-ау, мына кісі менімен қоштасты-ау» деп ойладым іштей. Көп ұзамай хабар келіп тұр ғой, әне. Сол кезде сол үйге бірінші рет бардық», - дейді Нұрбике Нұрқаділова

Айтуынша, саясаткер жұма күні дүниеден озған. 

«Өйткені Қайрат көрген екен. Жатқан жерінде денесінде қаны қатып қалыпты. Содан: «Әкемді көремін» деп ойбайлап Құралай ұмтылғанда Қайрат оны жібермей қойыпты. Құралай оны көрсе, жүрегі ұшып кетер еді дейді Қайрат. Сонда бір тәулік не істерлерін білмеген ғой олар», - деді ол.

Заманбек Нұрқаділовтың қалай атылғанын, бөлмесіне кім кіргенін ешкім білмейді, себебі сол күнгі видеотаспалар жоқ. Тәркіленіп қойған.

«Сондағы бір видеотаспада марқұм менің атымды айтып жылап отыр екен дейді. «Қайыркен, Қайыркен, кешір мені, қайтатын жол жоқ маған» деп. Соны көрген адам: «Нұрбике, сен өзіңді кінәлама. Сенің түк кінәң жоқ» деп айтты. Видеоны тексергендер сұрастырған ғой: «Қайыркен деген кім» деп. «Қайрат, Құралай демейді, Қайыркен» деп жылайды марқұм, неге» деп. Сол бізбен шай ішіп жүрген адам түсіндіріп беріпті: «Ол кісі бәйбішесін Қайыркен дейтін» деп. Расында, ол кісі мені атыммен атамайтын, Қайыркен дейтін», -дейді Нұрбике Нұрқаділова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама