×

Жасөспірімдердің TikTok пайдалануына тыйым салу керек – Аманжол Әлтай

Қазіргі балалар ақпарат тасқынының тұтқынына айналған

 Дәурен Ерболат 12.04.2023 | 14:28
Фото: Depositphotos.com

Қазақстанда жасөспірімдердің TikTok пайдалануына тыйым салу қажет. Бұл туралы депутат Аманжол Әлтай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

Оның пікірінше, бүгінде ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарамауға міндеттіміз.

Ұрпақ тәрбиесінде жіберген қателіктердің түп тамыры тереңде. Нақтырақ айтсам, мәселе – өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, коледждер мен жоғарғы оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда, қоғамдық, әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол Қазақстанда ізгілік, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптастыру үшін төмендегі бағытта жұмыс жүргізу керек деп есептейді:

  • Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идеология қалыптасуға тиіс.
  • Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы заңға қайшы мазмұндағы 16 мың интернет ресурс анықталған. Өкінішке қарай, телефонға телмірген бүгінгі ұрпақ әлеуметтік желілердің талғамсыз, бала санасына әсер ететін ақпарат тасқынының тұтқынына айналды. Қазақстанда балалар арасында шектеусіз қызмет етіп жатқан TikTok әлеуметтік желісіне кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек.
  • Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық-әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан-жақты, әрі шын бағалануға тиіс.
  • Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың істері жөнінде учаскелік полиция инспекторының қызметін ұйымдастыру қағидаттарын қайта қарауға тиісті.
  • Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама