×

«Өте қорқынышты»: Шымкенттегі жол апатын көргендер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Куәгерлер апаттың өте қорқынышты болғанын айтты

 Халық үні 10.04.2023 | 06:16
Фото: elitar.kz

Шымкентте болған қайғылы жол апатының егжей-тегжейін қалалық транспорт басқармасы басшылығы, автобус тиесілі Shymkent bus компаниясының өкілдері және куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды otyrar.kz. 

Компания өкілдерінің айтуынша, жүргізуші қоғамдық көлікті қол тежегішіне қоюды ұмытып, дәретханаға кеткен. Тасымалдаушы компания қаза болғандардың еске алу шығындары мен зардап шеккендерді емдеу шығынын алатын болды.

Ал куәгерлер апаттың өте қорқынышты болғанын айтты.

«Біз болғаннан кейін көрдік, осы жерде тұрамыз ғой, терезеден көргеннен кейін қыздарым айтты. Қызым осы жерден 5 минут алдын өткен еді, «Папа, автобус үйге кіріп кетейін деді» деп қоңырау шалды. Жүгіріп келгенім сол, келсем, мына жерде адамдар жатыр екен. Енді бұл жерге барлығы келді, полиция қызметкерлері барлығы түгел осында болды, мына жерден автобусты алып кеткенге дейін, түнгі 1-2-ге дейін осы жерде жүрді», - дейді Шымкент тұрғыны Досмұхан Нұрсейітов. 

«Біреуі біздің көршіміз, тірі, аман. Қызыл пальтодағы, ұшып түскен еді, Құдай қағыпты әйтеуір, аман-есен», - дейді оқиғаның тағы бір куәгері Жұмагүл Тұрарова.

Қайғылы оқиғадан кейін Шымкент жолаушылар көлігі басқармасының басшысы тасымалдаушы компания басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Оқиғаға себеп болған автобус пен басқа да қоғамдық көліктер толық тексеруден өткен көрінеді.

«Жүргізуші соңғы аялдамаға келген. Бір келіншек пен баласы мінейін деп тұрған. Үзілісінде тоқтай тұрып,«Дәретханаға барып келсем бола ма?» деп, есігін сырттан құлыптаған автобустың, қол тежегіші болады ғой, автобусты өшірмей, қол тежегішіне қойғанына нақты көз жеткізбей тұрып, автобустан түсіп кеткен. Біз автобустың ішіндегі видеоларды көрдік, автобус сол жерде шамамен 30-40 секундтай қозғалмай тұрған, бірақ белгісіз себептермен 30-40 секундтан кейін жайлап астыға қарай түсе бастаған. Қол тежегішіне қойылмаған, автобус адамдарды соғып болып, тоқтаған жерінде екі жігіт келіп, автобустың есігін ашып көрген. Одан кейін жүргізуші жүгіріп келіп, қол тежегішіне созылып, кейінірек барып, тартып қалған», - деді 
Shymkent bus тасымалдаушы компаниясының директоры Азат Қайыпбеков. 

Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев бұдан кейін тасымалдаушыларға талап қатты күшейтілетінін, автобус паркі басшыларына жүргізушілерді қайта аттестаттаудан өткізу қажет екенін  айтты. 

«Осы жерде барлық тасымалдаушы қатысып отыр. Бізде қалада тасымалдаумен айналысатын 10 компания бар. Рейд іұйымдастырамыз. Барлық жүргізушіге шұғыл түрде кезектен тыс аттестация өткізу керек», - Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев. 

6 адамды қағып кеткен автобустың жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қоғамдық көліктің жарамдылығын тексеруге техникалық сараптама тағайындалды.

Ал әлеуметтік желіде бұл апаттан кейін қала тұрғындары кондукторларды қайтару мәселесін көтере бастады. Ал транспорт басқармасының басшысы кондукторсыз жүйе өз күшінде қалатынын айтты.

Еске салайық, кеше, 8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында Шымкенттегі «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушісі жоқ автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында тұрған 6 адамды қағып кеткен, салдарынан 5 адам опат болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама