Диплом алған дәрігердің бәрі бірдей жақсы маман бола бермейді – министр
Ауруханаларда білікті дәрігерлер тапшы
Бүгінде диплом алған дәрігердің бәрі бірдей жақсы маман бола бермейді. Алайда біз білікті мамандардың құқығын қорғауымыз керек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент айтқандай, дәрігер науқасқа көмек көрсетіп жатып, (арам, – автор) пиғылсыз медициналық қателік жіберсе, оның құқығын заңмен қорғау керек. (Заңдағы норма, – автор) жоғары білікті мамандардың саладан кетуін азайтуға бағытталған.
Мысалы, мен жұмысымды емханадан бастадым. Содан кейін ауруханаларда жұмыс істедім. Бөлім басшысы, облыстық ауруханада бас дәрігердің орынбасары да болдым. Ауыр науқас түскенде барлық білікті маман жиналады. Қандай да бір қиын ота жасау керек болса, күн мен түнге қарамастан ең білікті маманды (операцияға, – автор) алып келеміз», - деді Ажар Ғиният Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру барысында.
Министрдің пікірінше, білікті дәрігерлердің құқығын заңмен қорғаған жөн.
Өйткені дәрігер оқуды бітіріп, дипломды алғанмен, бәрі бірдей жақсы маман болмайды. Дәрігер біліктілігін шыңдау арқылы өз ісінің шебері болады. Ол уақытпен, тәжірибемен келеді. Сондықтан осындай жағдайға тап болғанда (қате жібергенде, – автор) ең білікті дәрігерлеріміз саладан кетіп жатыр. Олар сандалып тергеуде, соттың алдында жүреді. Ондай мамандар ауруханада тапшы, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанда науқасты дұрыс емдемеген дәрігердің жазасы жеңілдеуі мүмкін.