Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамалды

Ұйым өзін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде көрсеткен

 Динара Амантай 05.04.2023 | 15:05
Павлодар облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамалды
Фото: Halyq Uni

«HAS Holding» қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ азаматтың заңсыз әрекеттері әшкереленді, деп хабарлады Нalyq Uni тілшісі.

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, ұйымдастырушылар сенгіш азаматтарды инвестицияланған соманың 70%-ға дейінгі пассивті ай сайынғы табысқа уәде беріп, ақшаларын түрлі инвестициялық жобаларға салуға шақырған. Бұл қаржы пирамидасы өзін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде көрсеткен.

Салымшылармен «Upgrade-AS», «Holding AS», «XAS-Logistic», «light-AS» және басқа да компаниялардың атынан келісім-шарттар жасалды. Салымшылар үшін міндетті шарттардың бірі 180 мың теңгеге Қытайдан әкелінді делінетін тұрмыстық тауарларды сатып алу болды. Пирамиданың тұрақты жұмысының көрінісін жасау үшін алынған ақшаның бір бөлігі салымшыларға сыйақы төлеуге бағытталды.

Алайда ұйымдастырушылар салымшыларды алған сыйақысын пирамидаға қайта салуға шақырды. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жалған акцияларды ұйымдастырып, Астана мен Қосшыда көпқабатты үйлер салғанын көрсетіп, құрылыс декорациясы жасалып, арнайы техника жалдады. Алынған ақшаға ұйымдастырушылар бірқатар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті (жер телімдері, пәтерлер, автокөліктер) өздері мен жақын туыстарының атына рәсімдеген.

Аталған қылмысты жасады деген күдікпен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты соттың санкциясымен «қамау» бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазір салымшылар арасында жалған ақпарат таралып жатыр. Осыған байланысты ведомство өкілдері тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама