Атыраулық оқушы әлемнің ең үздік университеттерінен шақырту алды

Дастан Жұмабекұлы

Бұл білім ордалары дүниежүзінің 50 жоғары оқу орындарының қатарына кіреді

фото: ашық дереккөз

Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Асқар Әлмұхаметов әлемнің ең үздік 5 университетінен шақырту алды. Бұл оқу орындары дүниежүзінің 50 университетінің қатарына кіреді.

«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, Асқар Әлмұхаметовке АҚШ-тағы Columbia University, University of California Berkeley мен Georgia Institute of Technology, Кореядағы Korean Advanced Institute Science and Technology мен Канададағы University of Toronto университеттерінен шақырту келген. 

Мен осыдан 6 жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектебін таңдағаныма өте қуаныштымын. Өзіме осы жылдар бойы қолдау білдіріп, білім берген барша ұстаздарға, кураторыма, жалпы мектеп ұжымына үлкен алғысымды білдіремін, – деді Асқар Әлмұхаметов. 

Дегенмен ол әлі қай оқу орнында оқитыны туралы нақты шешім қабылдамаған. Өйткені әлі де шақыртулар келіп жатыр. Оның айтуынша, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама оқыған Columbia University университетінде білімін жалғастырмақ ойы бар. 

Ол халықаралық Apple компаниясының WWDC20 Swift Student Challenge байқауында жеңімпаз атанып, еліміздің IT компанияларында қызмет етіп те үлгерген.