Вице-премьер Екібастұздағы жағдайы төмен отбасын мысалға келтірді
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында вице-премьер Ералы Тоғжанов айтты.
«2020 жылы азаматтардың талап-тілектері ескеріле отырып атаулы көмекті тағайындау механизмі өзгертіліп, 25 табыс түрлері мен әлеуметтік төлемдер алынып тасталды. Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса атаулы көмек 6 айға тоқтатылады», - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, бұл шара АӘК беруді масылдыққа айналуын болдырмауға бағытталған.
«Атаулы әлеуметтік көмекті басқа жәрдемақылармен салыстыруға болмайды. Атаулы көмек – табысы жан-жақты тексеріліп, тұрмысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттік қолдау», - деп қосты ол.
Бұған қоса Қазақстанда табысы төмен отбасыларға проактивті форматта көмек көрсету үшін цифрлық карта әзірленені белгілі болды. Ол үшін мемлекеттік органдардың 20 цифрлық қосымшаларын интеграциялау жоспарланып отыр.
Өткенде Екібастұз қаласында 4 балаға қатысты болған дүрбелең туғызған оқиға туралы естідіңіздер. Бұл жағдай аз қамтылған отбасыларды қамқорлыққа алудың проактивті форматын енгізу қажеттігін тағы да көрсетіп отыр, - деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен 95 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.
12 ақпанда Екібастұзда волонтерлер, полиция қызметкерлері мен қамқоршылық органдары аш қалған төрт баланы анықтады. Балалар дұрыс тамақтанбаған, далаға шықпаған және Маугли секілді адамдардан оқшау өскен. Аналарының айтуынша, олардың жағдайы нашарлап, бір жыл бұрын жүре алмай қалған. Волонтерлер жедел жәрдем шақырғаннан кейін балалар анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Облыстық балалар ауруханасына жатқызылған кішкентай қыздан коронавирус, қалған үш ұлдан пневмония анықталды.