×

Ақтауда 3 баласын өлтірген ер адамға қатысты тың деректер шықты

24 наурызда Ақтауда полиция кәмелетке толмаған балаларды өлтірді деген күдікпен олардың әкесін ұстады

 Халық үні 27.03.2023 | 21:37
Фото: Маңғыстау облысы ПД

«Мангистау-Медиа» медиахолдингінің директоры, жақында қалалық мәслихат депутаты болып сайланған журналист Гүлмира Әбішева Ақтауда 3 баласын өлтірген ер адамға қатысты тың деректерді жариялады.

«Ол әйелімен ажырасқан, бөлек тұрады. Балаларды каникул кезінде алып кеткен, оның ақыры осындай қайғылы жағдаймен аяқталып отыр. Әлеуметтік желіде ер адам жат діни ағым өкілі екенін жазып жатыр. Исламда мұндай қайғылы оқиға түгілі, тіпті құмырсқаға да зиян тигізбеу керек», - деп жазды Гүлмира Әбішева Instagram-дағы парақшасында.

Еске сала кетейік, 24 наурызда Ақтауда полиция кәмелетке толмаған балаларды өлтірді деген күдікпен олардың әкесін ұстады. 

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ақтау қаласындағы 27 шағын аудандағы пәтерден үш жасөспірімнің мәйіті табылған. Марқұмдардың денесінде зорлық белгілері бар. 

Полиция 2011, 2014 және 2016 жылы туған жасөспірімдерді өлтірді деген күдікпен 36 жастағы әкесін ұстады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Бірқатар БАҚ мәліметінше, куәгерлер қайғылы оқиға болатын күні ер адамның үйдің маңындағы дүкенге кіріп, бір бөтелке арақ және 3 баласына балмұздақ алғанын көргенін айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама