Білім додасының қорытындысы бойынша 422 оқушы жүлделі орындарға ие болды
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 422 оқушы жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жүлделердің 86-сы – алтын, 127-сі – күміс, 209-ы – қола медаль. «Үздік олимпиадалық команда» номинациясының бас жүлдесіне Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ие болды. Бірінші орынды Алматы қаласының бірқатар мектептері мен Республикалық физика-математика мектебі командасы иеленді. Астана қаласы, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары 2-орынды жеңіп алса, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарының оқушылары 3-орынға ие болды.
Сонымен қатар Абай облысының 10-сынып оқушысы Әмір Шәукенов «Ауылдық жердің үздік оқушысы» номинациясымен марапатталды.
Бұл олимпиаданың ерекшелігі, биылғы жеңімпаз түлектерге білім гранты табысталды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына 29 грант берілді. Олар – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Toraighyrov University, Satbayev University, IT Халықаралық университеті, Д. Серікбаев атындағы ҚТУ, Auezov University, Shakarim University, KBTU.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте олимпиадаға қатысып жатқан 12 оқушының ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ вице-министр Шолпан Каринова балалардың улануына қатысты түсінік берген еді.