Қызылорда облысында күрішті қымбаттатқан 6 кәсіпорынға тексеру жүргізіледі

Динара Амантай

Қазір әлеуметтік дүкендерде күріштің келісін 350 теңгеден аспайтын бағамен сату қарастырылып жатыр

Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында күріш өңдейтін 6 кәсіпорынға тексеру жүргізілмек, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалап, талдау жүргізеді. Бұл бағытта облыста өндірілетін азық-түлік өнімдерінің өзіндік құнын талдауға баса назар аударылып жатыр.

Басқарманың талдау тобы күріш өндіруші 9 ірі кәсіпорынға бағалық талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша облыстық БҚДА департаменті күріш өңдейтін 6 кәсіпорынға қатысты бағаны көтерудің негізділігіне тексеру тағайындады.

Қалған кәсіпорындар облыстағы әлеуметтік дүкендерде одан әрі сату үшін облыстың тұрақтандыру қорына бағаны келісіне 420 теңгеден 350 теңгеге дейін төмендетуге келісті.

Қазір жергілікті атқарушы органдар мен «Байқоңыр» ӘКК арасында әлеуметтік дүкендерде күріштің келісін 350 теңгеден аспайтын бағамен сату мәселесі қарастырылып жатыр.