Сайлаушылардың даусы заңға сәйкес саналды – ТМД бақылаушылары
Олар 832 сайлау учаскесінде болған
Қазақстанда өткен сайлауда дауыс заңға сәйкес саналды. Бұл туралы ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Миссия Мәжіліске сайлау өткізуге дайындық кезінде азаматтардың, депутаттыққа кандидаттардың және сайлауға қатысқан басқа да қатысушылардың сайлау құқығы мен бостандығын қорғау үшін тиісті жағдай жасалды деп санайды.
«Сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты шағымдар мен өтініштерді жедел және уақытында қаралды. Сайлау күні миссия өкілдері Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Жетісу облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы (сайлау учаскелерінде) болды.
Сондай-ақ олар шетелдегі 16 учаскеде дауыс беру барысын қадағалады: Астрахань, Ашхабад, Баку, Бішкек, Брест, Брюссель, Ереван, Қазан, Минск, Мәскеу, Омбы, Париж, Бейжің, Рим, Санкт-Петербург, Сеул және Ташкент.
ТМД бақылаушылары 832 сайлау учаскесіне барды. Олар дауыс беру процесінің ашық болғанын атап өтті, - деді Леонид Анфимов ОСК-де өткен брифингте.
Ол халықаралық бақылаушыларға тиісті жағдай жасалғанын, сайлау учаскелері материалдық және қажет жабдықтармен жабдықталғанын жеткізді.
Дауыстарды санау рәсімі заңға сәйкес өтті. ТМД бақылаушылары өз есебінде бірнеше ескерту берді. Алайда миссияның пікірінше, бұл сайлау нәтижесіне әсерін тигізбейді, - деді ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары.
Сөз соңында Леонид Анфимов Мәжіліс сайлауы заңға сәйкес өткенін атап өтті.
ТМД бақылаушылар миссиясы Қазақстан Парламенті Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді деп есептейді. Барлық тіркелген саяси партияның сайлау науқанына қатысуы және бір мандатты округтер бойынша ұсынылатын кандидаттар санына шектеудің болмауы оны бәсекелестік пен ашық өткізуге мүмкіндік берді, - деп сөзін түйіндеді миссия басшысы.
Кеше Қазақстан азаматтары Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаған еді. Нәтижесінде 6,5 млн қазақстандық сайлауға қатысты. Сондай-ақ Exit poll нәтижесі де жарияланды.