Halyq Uni логотип
×

ТЖМ басшысы Юрий Ильин Ақтөбе облысындағы су тасқыны орнына аттанды

Министр өңір әкімімен бірге зардап шеккен ауылдарды аралайды

 Динара Амантай 18.03.2023 | 10:19
ТЖМ басшысы Юрий Ильин Ақтөбе облысындағы су тасқыны орнына аттанды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша ТЖМ басшысы Юрий Ильин жағдайды бағалау, Ақтөбе облысының елді мекендеріндегі су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстарды бақылау және үйлестіру үшін Ақтөбе облысына аттанды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Юрий Ильин өңір басшысы Ералы Тоғжановпен су тасқыны болған ауылдарды аралап, ахуалымен танысады.

Еске сала кетсек, температураның күрт жоғарылауы және қардың қарқынды еруі салдарынан Қобда және Ойыл аудандарының елді мекендерін су басқан болатын. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала 400-ден аса адам эвакуацияланды.

Қазір эвакуацияланған 140 адам өз үйлеріне оралды, 70-тен аса адам уақытша эвакуациялау пунктінде, 240-тан аса адам туыстарының үйлерінде қалып отыр. 4 000-нан аса ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.

Облыстың аталған аудандарында жүргізіліп жатқан авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға, су тасқыны салдарын жоюға ТЖМ құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдар, ІІМ және облыстың басқа да мүдделі құрылымдарының жеке құрамынан 900-ге жуық адам, 650 техникасы, соның ішінде су сору құралдары жұмылдырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама