9-сыныпта оқитын жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті қауіпті жағдайда батылдық танытқан екі петропавлдық оқушыны марапаттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, №4 қалалық орта мектептің жоғары сыныбының 2 оқушысы Нұрислам Сандыбай мен Алдиар Нұртаев, сондай-ақ олардың аналары облыстық полиция басшылығының атынан алғыс хатпен марапатталды.
Еске сала кетсек, 13 ақпанда таңертең Петропавл мектебінде төтенше жағдай болды. 9-сынып оқушысы балтамен 3 оқушыға дене жарақатын салды. Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды. Полиция мен дәрігерлер келгенге дейін шабуылдаушы жасөспірімді Нұрислам мен Алдиар ұстап алып, қауіпті жағдайдың алдын алды.
Қазір осы қылмыс фактісі бойынша тергеушілер істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Ұлдар мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаева мен Айман Нұртаеваға алғыс хат пен сыйлықтарды СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыс етті. Қ.Айтбаев әрбір ересек адам қажетті шараларды жедел жағдайда қабылдай ала бермейтінін, алайда Нұрислам мен Алдиар бірнеше секунд ішінде шешім қабылдап, осылайша өзін және басқа балаларды қауіп-қатерден қорғағанын атап өтті.
Айта кетсек, бұл жасөспірімдердің алғашқы марапаты емес. Бұған дейін оларды мектеп жиналысында көтермелеген, сондай-ақ олардың батылдығын Қорғаныс министрлігінің өкілдері атап өтті. Екі бала да өзін-өзі дамытумен, спортпен шұғылданады. Болашақ мамандықты әлі таңдамаған. Бірақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларға погондағы қызметті таңдаудың артықшылығына мұқият назар аударуға кеңес берді.