×

Ақтауда адам бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ анықталды (ВИДЕО)

Олардың үйлерінен мылтық пен оқ-дәрілер табылды

 Дәурен Ерболат 13.03.2023 | 14:20
Фото: polisia.kz

Ақтауда полиция қылмыстық топты ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Маңғыстау облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы «Кораблик» бизнес орталығының маңында Toyota Camry-ді тоқтатты. Көлікте адам бопсалады деген күдікке ілінген 26 жастағы жүргізуші мен 27 жастағы жолаушы отырған. Полицейлер оларды ұстады.

Жәбірленушінің айтуынша, бір топ адам оны бірнеше рет ұрлап, ұрып-соққан. Күдіктілер ер адамды қорқытып, 500 мың теңге талап еткен, сондай-ақ оның автокөлігін алып кеткен.

Тәртіп сақшылары Toyota Camry-ді тінту барысында патрондары бар «ПМ» тапаншасын тауып, тәркіледі.

Күдіктілердің уақытша тұрғылықты жерін тінту барысында бірінің пәтерінен бірнеше жауынгерлік және травматикалық оқ-дәрі табылды.

Басқа екі мекенжайды тінту кезінде 25, 26 және 28 жастағы күдіктілер анықталды. Олар да адам бопсалады деген күдікке ілінген.

Олардың тұрғылықты жерінен полицейлер тағы бір тапанша, 2 мылтық және оқ-дәрілерді тәркіледі.

Үйлердің бірінен Opel Vectra табылды. Ұсталғандардың көлікті жәбірленушіден күшпен тартып алғаны белгілі болды.

Бопсалау және қаруды сақтау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдіктілер өз әрекетін мойындады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама