Олардың 342 мың доллары және 7 млн теңгесі тәркіленді
Астанада 3 ер адам «АBS Change» крипто айырбастау пункті арқылы цифрлық активтерді айырбастау саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, аталған азаматтар заңсыз әрекеттерін АХҚО алаңынан тыс жерде іске асырған. Олар 2021-2023 жылдар аралығында Астана қаласының аумағында қылмыстық қызметін жүзеге асырды.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде айырбастау пунктін ұйымдастырушылардың заттары, 342 мың доллары және 7 млн теңгесі тәркіленді. «Binance» платформасында 2 крипто әмияннан 23 мыңға жуық доллар криптоактивтер анықталып, оларға уақытша шектеу қойылды. Алдын ала есеп бойынша «Binance» платформасындағы крипто айырбастау пунктінің крипто әмияндарының жалпы айналымы шамамен 34 млн долларды құрады.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Сондай-ақ ведомство өкілдерінің хабарлауынша, ҚМА жұмысында негізгі назар көлеңкелі бизнеске қарсы іс-қимылға бағытталған. Былтыр қабылданған шаралар кешені көлеңкелі экономика деңгейінің 21,5% болжамды мәнімен 19,7%-ға дейін төмендеуіне оң әсер етті.