×

Алматы облысында сап-сау келіншекті күштеп алып кетіп, наркологиялық орталыққа жатқызып тастаған

Келіншекке орталықта қарсыласқанына қарамай бірнеше екпе еккен

 Халық үні 03.03.2023 | 23:27
Фото: stan.kz

Алматы облысында бейтаныс адамдар әйелді үйінен күштеп алып шығып, қаладағы наркологиялық орталыққа апарып тастаған. Диана Сабазованың айтуынша, орталықта оған қарсыласқанына қарамай бірнеше екпе еккен. Екі күн бойы дәрілердің кесірінен есін жия алмай жатқан әйел дәрігерлердің мұндай әрекетке не себепті барғанын білмейді. Сол күні нендей жағдай болғанын әлі ешкім түсіндіріп бере алмаған деп хабарлайды «Информбюро» бағдарламасы.

Диана Сабазованы көлікке күштеп отырғызған сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Пәтерге келген екі азамат «Есірткі пайдаланғаныңызды тексеру мақсатында нашақорлық орталығына жүріңіз» деп күштей жөнелді дейді. Бұл кезде әйел үйінде жалғыз өзі болыпты, сондықтан сыртқа шыққан соң мән-жайды сұрап көрмек болған. Дегенмен ер адамдар әйелді күштеп көлікке отырғызып, алып кеткен. 

«Екеуі ұстап алды да, қолымды бұрап көлікке отырғызып, алып кетті. Машинаның есігін жауып алды. Шынымды айтсам, мені өлтіруге алып бара жатыр деп ойладым. Қайда апарасыңдар, телефонымды беріңдер десем, бермейді», – дейді Талғар ауданының тұрғыны Диана Сабазова. 

Ер адамдар әйелді Алматы қаласындағы Мақатаев көшесінде орналасқан наркологиялық орталыққа алып келген. Диана Сабазованың айтуынша, екінші қабатқа көтерілген соң медбикелер киімін ауыстыруды талап еткен. Егер айтқанын орындамаса, күш қолданатындарын жеткізген. Ақыр соңында бірнеше екпе салған. Салдарынан бір тәулікте не болғанын түсінбей, Диана сол жерде түнеген. Айтуынша, таңертең дәрігерлер басқа екпе алып келген. Бірақ сыртында мүлде басқа адамның аты жазылған дейді. 

«Бұл дәрі менікі емес, мұнда менің тегім жазылмаған» дедім. Сол кезде ол: «Диана, ең бастысы, сенің есімің Диана екенін білемін, сен анонимді бөлімде жатырсың. Сондықтан сені Назарбаева деп те жазып тастай аламын. Біз арыз түскен соң кез келген адамды жатқызамыз» деп айтты», –дейді Диана Сабазова. 

Диана қарбалас кезінде құрбысына «Полицияға хабарлас» деп жіберген хабарламасы латын әріптермен жазылып кеткен екен. Күні бойы ешқандай сұрағына жауап бермеген соң хабарламаны пернетақтадан теріп, сөзді түсінуге тырысқан. Содан кейін ғана Диананың көмек сұрағанын біліп, бірден жақындарына хабарласқан.

Диана осыдан кейін анасының келіп шығарып алғанын айтады. Әйелдің өзі ешқандай нашақорлық, ақыл-есінің ауытқуы бойынша есепте жоғына сенімді. Дегенмен дәрігерлердің мұндай қадамға неліктен барғаны әлі түсініксіз дейді. Ал орталық мамандары бұл туралы қандай да бір түсінік беруден бас тартып, медициналық құпия деп жауап беруден жалтарған. Олардың пайымдауынша, мамандар тек заң бойынша әрекет еткен.

«Бүгінгі күнде Денсаулық сақтау жүйесінің және халықтың денсаулығы жайлы кодекстің 273-тармағына сәйкес бізде барлық науқастардың жеке деректері дәрігерлік құпияға жатады. Сондықтан мұндай ақпаратты мен сізге қазір бере алмаймын», –деді  Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы директорының орынбасары Гүлмира Әбдібаева. 

Наркологиялық орталықтан шыққан соң Диана бірден полицияға арыз түсіріп, сараптамаға жүгінген. Бірақ үйінен күштеп алып кеткен ер адамдарға қатысты іс «Адам ұрлау» бабымен емес, үйіне ену бабымен қозғалыпты. Ал жақында сараптамаға берілген биоматериал анықталмады деген қорытынды шығыпты. Әйел сараптаманы қайта тапсырған, алайда 4 күн ғана сақталатын препарат кетіп қалуы мүмкін деп қорқады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама