×

Дизель отынының бағасы айтарлықтай көтерілді

Бағаның өсуі Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында өте жоғары

 Дәурен Ерболат 03.03.2023 | 16:30
Фото: kolesa.kz

Қазақстанда дизель отыны бір жылда 15,7%-ға қымбаттады, деп хабарлады Energyprom.kz.

Биыл қаңтарда Қазақстанда 494,1 мың тонна бензин өндірілді. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 20,6%-ға көп.

Дизель отынының өндірісі де бір жылда 13%-ға артып, 421,8 мың тонна болды.

Өңірлер бойынша бензиннің басым бөлігі Шымкентте өндірілді (онда «ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясы бар): 196,7 мың тонна, бір жылда 14,6%-ға ұлғайған. Екінші орында Павлодар облысы (ПМХЗ компаниясы): 155,1 мың тонна. Атырау облысы (АМӨЗ) үшінші орында тұр: 141,7 мың тонна.

Павлодар облысы дизель отынын өндіру бойынша көш бастап тұр: 149,1 мың тонна, бір жыл бұрынғыдан 11,1%-ға артық. Тағы 148 мың тоннасы Шымкентте, 109,4 мың тоннасы Атырау облысында өндірілді.

Жалпы 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда елімізде 5 млн тонна бензин, 5,4 млн тонна дизель отыны өндірілді.

2022 жылғы қаңтар-желтоқсанның қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар жергілікті нарықты бензинмен (ішкі нарықтағы сатылым және экспорт) толық қамтамасыз етті: 99,1%.

Ішкі нарықта 5 млн тонна бензин сатылды: бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 5,7%-ға көп.

Жергілікті компаниялар нарықты дизель отынымен алдыңғы жылы 93,7%-ға қамтамасыз етсе, былтыр 96,8%-ға қамтамасыз етті. Импорт сәйкесінше 3,2%-ға дейін төмендеді.

Елімізге 177,7 мың тонна дизель отыны әкелінді. Бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 47,2%-ға аз. Ішкі сатылым өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артып, 5,5 мың тонна болды.

Биыл қаңтардың қорытындысы бойынша бензин аздап арзандады (бір жылда 0,1%), ал дизель отыны айтарлықтай қымбаттады (бір жылда – 15,7%).

Дизель отыны Атырау облысында айтарлықтай қымбаттады: баға бір жылда бірден 44,8%-ға өсті. Содан кейінгі орындарда Солтүстік Қазақстан (39,1%) және Шығыс Қазақстан (37%) облыстары тұр.

Маңғыстау, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында баға өткен жылдың деңгейінде қалды. Ұлытау облысында дизель отыны 2,8%-ға арзандады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама