Екібастұз ЖЭО-да заңбұзушылықтар анықталды

Дәурен Ерболат

Кәсіпорын заң бұзғанын мойындады

Фото: ratel.kz

Екібастұз жылу электр орталығының жұмысын тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлады СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі.

Комитеттің Павлодар облысы бойынша департаменті 2023 жылғы қаңтарда Екібастұз қаласының прокуратурасымен бірлесіп, Екібастұз ЖЭО-сында метрология саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтау бойынша тексеріс жүргізген.

Нәтижесінде тексеру мерзімі өткен өлшеу құралдарын қолдану анықталды. Мысалы, олар – техникалық манометрлер, қысым түрлендіргіштері, вольтамперфазометр, мегаомметр. Өлшем құралдарын салыстырып, тексерусіз қолдану «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңның 19-бабы 1-тармағын бұзу болып саналады, - деп жазылған хабарламада.

Бұл заңбұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 419-бабы 1-бөлігі 2-тармағы бойынша 1600 АЕК (5 млн 520 мың теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.

Екібастұз қаласы прокуратурасының заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысы негізінде департамент әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырды. Екібастұз ЖЭО заңбұзушылықтың болғанын мойындауына байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 811-бабына сәйкес 7 тәулік ішінде қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 2 млн 760 мың теңге әкімшілік айыппұл төлейтін болды. Кәсіпорын айыппұлды толық төледі, - деп жазылған хабарламада.