×

Жамбыл облысында 33 қару мен 25,5 мыңнан аса оқ-дәрі тәркіленді

Оның үшеуі облыстық полиция департаментінен жоғалған

 Динара Амантай 03.03.2023 | 09:27
Фото: polisia.kz

Жамбылдық полицейлер 33 қару мен 25,5 мыңнан аса патронды тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, биыл ақпанда полиция қызметкерлері 33 қару, оның ішінде 3 Калашников автоматы, 9 тапанша (оның ішінде 3 Макаров тапаншасы), 2 мылтық, 18 тегіс ұңғылы мылтық, 1 аңшылық шолақ мылтығы және 25 562 түрлі калибрлі патрон тәркіледі. Барлық тәркіленген қарудың ішінде 3-еуі Жамбыл облысының полиция департаментінен жоғалған.

Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігімен («Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Барлық алынған қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.

Жамбыл облысының полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама