×

Жәбірленушілерге өтемақы қорынан 312 млн теңге көлемінде қаржы төленді

Өтемақыны алуға өініш беру мерзімі адамды жәбірленуші деп таныған күннен бастап 3 жылды құрайды

 Динара Амантай 02.03.2023 | 11:01
Фото: azh.kz

Бүгінде түрлі қылмыстардан жәбірленуші деп танылған адамдарға 312 млн теңгеден аса қаржы төленді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметіне сәйкес, «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заң 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енген. Ал 2020 жылғы 1 шілдеден бастап Қаржы министрлігі жәбірленушілерге өтемақы төлеуді бастаған.

Барлық сотталған адамдардан сот үкімімен өндіріп алынатын мәжбүрлі төлемдер есебінен қор қалыптастырылды. Қордың мақсаты – қылмыстан материалдық зардап шеккен, бірақ қылмыс ашылмағандықтан немесе кінәлі сот төрелігінен жасырынғандықтан өтемақы алмаған азаматтарды қолдау. Бүгінде Қаржы министрлігімен жәбірленушілерге 312 млн теңгеден аса қаржы төленді.

Өтемақыны алушыларға төмендегі адамдар жатады:

 - жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші болып табылатын кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдар;

- денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар;

 - жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар.

Қылмыстар құрамының айрықша тізімі жоғарыда аталған бапта көрсетілген. Бұған қоса Заңға сәйкес көмек алушылар санатының біріне азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдар кіреді. Азаптау құрбандарына өтемақы 30 АЕК және 40 АЕК-ті құрайды.

Заң бойынша өтемақы тағайындау не одан бас тарту туралы шешімді қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның уәкілетті басшысы қабылдайды.

Қылмыстың құрбаны болған адамдар аталған өтемақыны алу үшін тергеу органына төмендегі құжаттарды өткізуі қажет:

1) жәбірленушінің не жәбірленушінің құқықтары берілген адамның өтініші;

2) жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттың не жәбірленушінің өтемақы алу құқығына ие адамның жеке басын және құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері;

3) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған жәбірленушінің не жәбірленушінің құқықтары берілген адамның банк шотының нөмірі туралы мәліметтер;

4) адамды жәбірленуші деп тану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулысының көшірмелері;

 5) жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесін растайтын құжаттың көшірмелері;

6) жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе жәбірленушінің қайтыс болғанын растайтын өзге де құжаттың көшірмелері.

Өтініш беру мерзімі адамды жәбірленуші деп таныған күннен бастап 3 жылды құрайды. Мерзімді өткізіп алған жағдайда сот оны жәбірленушінің өтініші бойынша қалпына келтіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама