Қорғаныс министрлігінде шенеуніктер қазақша сөйлеседі - вице-министр

Дәурен Ерболат

Әскери институттарда жас офицерлер қазақ және орыс тілдерінде білім алады

Фото: ОКҚ

Министрлікте шенеуніктер бір-бірімен қазақша сөйлеседі әрі кеңестер қазақ тілінде өтеді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында журналист вице-министрге өзекті сұрақ қойды.

Әлеуметтік желіде офицерлер құрамы тек орысша білім алады деген тақырып қазақстандықтар арасында қызу талқыланған. Бұл ақпарат шындыққа жанаса ма? - деді ол министрдің орынбасарына.

Дархан Ахмедиев бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Біздің (әскери) оқу орындарда білім қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Кейбір пәндер ағылшын тілінде өтеді. Бүгінде қазақ тіліне басымдық беріліп отыр. Бұған менің көзім бірнеше рет жетті. Сондықтан сіз айтқан ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді басшы.

БАҚ өкілі сұрағын қайта нақтылады.

«Мәселе офицерлер құрамын дайындауға қатысты болып тұр. Өкінішке қарай Қорғаныс вице-министрлері, генералдар мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмайды немесе мүлдем білмейді. Бүгін әскери оқу орындарында сабақ қалай жүргізіліп жатыр?» - деді ол.

Қорғаныс министрінің орынбасары сұраққа нақты жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, бүгінде министрліктегі жиындар қазақ тілінде өтеді әрі шенеуніктер бір-бірімен қазақша сөйлеседі.

Сіздің пікіріңізбен келіспеймін. Мен күн сайын (министрліктегі – автор) әріптестеріммен сөйлесемін. Қорғаныс министрінің 6 орынбасары бар. Бәрі (бір-бірімен – автор) қазақша сөйлеседі. Алдыңғы жылы министр (министрліктегі – автор) барлық кеңесті қазақ тілінде өткізу туралы нұсқау берді. Бұл кеңестер 50/50% қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі. Алайда Қорғаныс министрі кеңесті қазақ тілінде өткізу керек деп нұсқау берген. Бүгінде бұл талап министрдің қатысуымен өтетін аппарат кеңесінен бастап, офицер өткізетін кеңестерге дейін орындалып отыр, - деп түйіндеді сөзін Дархан Ахмедиев.