×

Странджа кубогы: Қазақстанның екі боксшысы – жартылай финалда (ВИДЕО)

 Дастан Жұмабекұлы 25.02.2023 | 23:24
фото: ашық дереккөз

Странджа кубогы үшін халықаралық турнирде ширек финалдық шайқастар болып, еліміздің екі боксшысы жартылай финалға шықты.

Қазақстан құрамасынан ширек финалға дейін үш спортшы жеткен болса, солардың үшеуі де өзбек боксшыларымен қолғап түйістірді. Осы ішкі тартыста қазақстандықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Рингке бірінші болып 57 келіге дейінгі салмақтағы Оразбек Асылқұлов шықты. Ол Азияның соңғы чемпионатындағы алтын жүлдегері Абдумалик Халоковпен жұдырық сілтесті.

Халоков Өзбекстанның титулы көп белгілі боксшыларының бірі еді. Ол 2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. Сол жылы өткен жасөспірімдер Олимпиялық ойындарының чемпионы, ал 2022 жылы Амманда ересектер арасында чемпион болған. Оның есебінде сондай-ақ 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс медалі, Азия чемпионатының сол жылғы қола медалін иеленген.

Ал мұндай атақтары жоқ Асылқұлов біздің құраманың өзінде екінші номерлі боксшы болып саналады.

Соған қарамастан, кездесу өте тартысты өтті. Екі спортшы да аянып қалған жоқ. Мұнда бәрібір Оразбектің артықшылығы байқалып тұрды. Нәтижесінде ол төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен сенсациялық жеңіске жетті.

Одан кейін 75 келіге дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс пен Алохон Абдуллаевтың жекпе-жегі болды. Онда отандасымыз қарсыласын 4:1 есебімен ұтты. Алайда ол үшінші раундта екі рет нокдаунға түсіп қалды. Қуаныштысы, олар қорытынды нәтижені өзгерте алмады.

Осы күні Қазақстан құрамасынан 80 келіге дейінгі салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов жеңіліп қалды. Оның Жасурбек Юлдашевпен кездесуі аса тартысты өтті. Дегенмен, сәл артықшылықпен (3:2) жеңіс өзбек боксшысының қанжығасында кетті.

Осымен Оразбек Асылқұлов пен Нұрқанат Райыс кемінде қола медаль алатын болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама