Түркияда қираған үйлерді сапасыз салған кінәлілер жауапқа тартылады – елші

Дәурен Ерболат

Жер сілкінісінен аман қалғандарды іздеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр

Фото: Twitter/Aj+

Түркияда жойқын зілзала салдарынан қираған үйлерді сапасыз салған кінәлілер жауапқа тартылады. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи айтты.

Сіздер БАҚ-тан (Түркияда болған – автор) жер сілкінісінен көптеген үйдің қирағанын көрдіңіздер. Олардың арасында ескі үйлер де көп... Қазір барлық ғимараттың неден құлағанын анықтап жатырмыз, - деді елші Астанада өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Уфук Екиджи құрылыс компаниясы үйді сапасыз салғаны анықталса, тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.

Егер (үйлерді салу кезінде – автор) сапасыз құрылыс матералдары пайдаланылғаны немесе қандай да бір құрылыс стандарттары, нормалары бұзылғаны анықталса, жауапты адамдар анықталып, олар сот алдында жауап береді, - деді ол.

Түркия қазір ғимараттарға келген шығынды анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазірге дейін 1 млн 188 мыңға жуық ғимарат зерттелді. Оның ішінде 156 мың ғимарат қирау немесе құлау алдында тұр.

Айта кетейік, Түркияның 10 провинциясында болған табиғи апаттан 40 мыңға жуық адам көз жұмған.