×

Түркістан облысында тағы бір зауыт пен фабрика салынады

Мақта өңдеу мен тігін мата кәсіпорындары ашылады

 Дастан Жұмабекұлы 23.02.2023 | 12:17
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін айта келе инвесторға алғысын білдірді.

«Жуырда инвестициялық штаб отырысында да байланысқа шығып, әріптестік қарым-қатынас бойынша сөйлескен болатынбыз. Өзара түсіністік пен келісім бар. Енді нақты жұмысты бастау керек. Бүгінде Түркістан облысы еліміз бойынша кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді.

Былтыр облыста 126,3 мың гектар мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнер болды. 361,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінде Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті көбейтуіміз керек. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда біздің болашағымыз зор деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.

Өзбекстандық инвестор Музаффар Разаков та келісім бойынша жұмыс жүргізетінін, биыл нақты жоба қолға алынатынын айтты.

Қазір Түркістан облысының әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егіледі. Ол үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы 300 тонна мақта тұқымы жеткізіледі. Жоғары сапалы мақта шығатын болса, Жол картасындағы жоспар бойынша келесі жылы мақта егу жұмысы 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады.

Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталып, мақта кластері дамиды. Тиісті учаске беріліп, инфрақұрылым әзірленген соң 2026 жылы Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама