×

Шымкентте күзетшілермен атысқан ер адам ұсталды (ВИДЕО)

2 адамға оқ тиген

 Дәурен Ерболат 20.02.2023 | 17:39
Скрин: Halyq Uni

Шымкентте күзетшілермен атысқан 49 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Бүгін, 20 ақпанда түскі сағат 14:40-та қара киім киген Өзбекстан азаматы Иляев-Рысқұлбеков көшесіндегі «Арсенал» аңшылық дүкеніне шабуыл жасаған.

Алдымен дүкендегі сатушыдан «Сайга» карабинін көрсетуді сұраған. Содан кейін сатушының басына аңшы мылтығын кезеп, қаруды ұрлап кеткен, – деп жазылған хабарламада.

Осы уақытта дабыл батырмасы іске қосылған. Сол сәтте оқиға орнына жеке күзет фирмасының қызметкерлері жетті. Олардың арасында атыс болып, 2 күзетшінің біреуінің қолына, екіншісінің оқ өтпейтін кеудешесіне оқ тиген. Куәгерлер бұл жағдайды видеоға түсіріп үлгерген.

Полиция 49 жастағы күдіктіні ұстады. Одан шолақ мылтық, ұрланған «Сайга» карабині тәркіленді.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның Шымкентте пәтер жалдап тұрғаны белгілі болды.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама