Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ
Журналист Михаил Козачков тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды, деп хабарлайды Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты.
«2023 жылғы 18 ақпандағы сот қаулысымен, сотқа дейінгі тергеу органының К. - ға қатысты 2 айлық қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ( яғни 2023 жылдың 18 сәуіріне дейін), үй қамағына ауыстыру бойынша арызы қанағаттандырылды»,- делінген хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
2022 жылдың 18 желтоқсанында Қаржы мониторингі агенттігі Михаил Козачковты ұстады.
Михаил Козачков Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдікке ілінген. Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алуы теріс қоғамдық резонанс тудыратынын түсініп, Козачковтың қызметтерін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланған.
Козачков құқық қорғау органдарында көп жылдық тәжірибесі бар досы Бурхан Жансейітовті ірі көлемдегі сыйақыға ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне сыбайластық жасауға тартқан. Соңғысы өзінің бұрынғы байланыстары арқылы ұйымасқан қылмыстық топтың қажеттіліктері үшін, сонымен қатар кейін жариялауға арналған айыптайтын ақпараттарды жинаған.
Тергеу барысында Жансейітов пен Козачковтың өз қызметтері үшін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденді, – делінген Қаржы мониторингі агенттігі таратқан ақпаратта.
Журналист Михаил Козачков ұсталғаннан кейін бірқатар медиа қоғамдастық өкілі президенттің атына үндеу жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті», - деп жазды Желдібай.