×

Ақорда Михаил Козачковтың ұсталғанына қатысты: журналистің заңды құқығы сақталуға тиіс

Қаржы мониторингі агенттігі Михаил Козачковты ұстады

 Халық үні 19.12.2022 | 14:26
Фото: Владислав Воднев

Журналист Михаил Козачковтың ұсталғанына қатысты бірқатар медиа қоғамдастық өкілі президенттің атына үндеу жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдады. Осыған байланысты бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті», - деп жазды Желдібай.

Сондай-ақ Қазақстан азаматы ретінде ұсталған журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс екенін жазды.

Айта кетейік, 18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігі Михаил Козачковты ұстады. Михаил Козачков Елдос Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдік келтіріліп отыр.

Сондай-ақ Козачковқа және басқа тұлғаларға қатысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау және тарату фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналист Михаил Козачковтың ұсталуына байланысты жағдайдың министрліктің жіті бақылауында екенін жазды. Сондай-ақ тергеу барысында қандай да бір пікір немесе баға беруге ерте екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама