×

Қазақстанның боксшы қыздары бірінші орын алды

Бес спортшы алтын жүлде, екеуі күміс, үшеуі қола жүлдені иеленді

 Дастан Жұмабекұлы 11.02.2023 | 15:59
фото: Қазақстан бокс федерациясы

Марокко елінде өткен «Golden Belt Series Marrakesh» («Алтын белбеу») халықаралық турнирінде еліміздің әйелдер құрамасы медальдар кестесінде бірінші орын алды.

Халықаралық турнир 2-10 ақпан аралығында Маррокконың Марракеш қаласында өтті. Онда барлығы 34 елден келген былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Қазақстан атынан жарысқа барлығы 12 боксшы қатысты.

Турнирде отандастарымыз 10 медальді жеңіп алды.  Оның ішінде бесеуі алтын жүлдені, екеуі күміс медальді, үшеуі қола жүлдені иеленді.

Алтын медальді Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) алды.

Аида Әбікеева (63 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (81 келіден аса салмақ) күміс жүлдені иеленсе,  қола медаль Надежда Рябец (66 кг), Мәдина Нұршаева (70 кг) мен Фариза Шолтайға (81 кг) бұйырды.

Ел құрамасынан Жазира Орақбаева (52 кг) мен Владислава Кухта (60 кг) жүлдесіз қалды.

Медальдар кестесінде екі алтын жүлдемен Ресей құрамасы екінші орын алса, бір-бір спортшылары турнирдің жеңімпазы атанған Италия, Тайвань, Мозамбик пен Марокко үшінші орыннан бастап, төмен орындарды қанағат тұтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама