Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Өзбекстан сотталғандарды өзара бере алады

Бүгінде 20 қазақстандық жазасын көрші елде өтеп жатыр

 Дәурен Ерболат 09.02.2023 | 12:22
Қазақстан мен Өзбекстан сотталғандарды өзара бере алады
Фото: liter.kz

Сенат депутаттары «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжатқа қол қою үшін екі ел бірнеше жыл келіссөз жүргізген.

Нәтижесінде қос тарап ортақ келісімге қол жеткізді. Қазір Қазақстандағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде 486 Өзбекстан азаматы жазасын өтеп жатыр. Бұл елімізде осындай жазаға тартылған шетел азаматтарының жартысын құрайды. Ал Өзбекстанда Қазақстанның 20 азаматы жазасын өтеп жатыр, - деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, бұл келісім көрші елдегі қазақстандықтарды елге қайтаруға мүмкіндік береді.

«Мұндай шарттардың әлеуметтік-тәрбиелік мәні зор. Көп жағдайда өзге елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілі мен салтын білмейді. Ортасы бөлек болған соң адамдармен қарым-қатынасы қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамды қоғамға қайта бейімдеудің оңай болмайтыны белгілі. Отбасынан қол үзбей, жақындарымен кездесіп тұрса, бұл жағдайдың сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз», - деді ол.

Сотталған адам төмендегі жағдайда беріледі:

  • Егер ол екі елдің бірінің азаматы болса;
  • Оның әрекеті екі мемлекетте де қылмыстық деп саналса;
  • Кемінде 1 жыл жазасын өтейтін уақыты қалса;
  • Екі ел де сотталған адамды беруге келіссе.

Сондай-ақ төмендегі жағдайда берілмейді:

  • Егер мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе;
  • Ұлттық заңнамаға қайшы келсе;
  • Қарыздары болса;
  • Сот процесі немесе тергеу әлі жүргізіліп жатса.

Сотталғандар еліне еркінен тыс берілмейді. Себебі шарттың басты талабының бірі – сотталған адам жазасын өз елінде өтеу туралы ниет білдіріп, өтініш беруге тиіс, - деді бас прокурордың орынбасары.

Сенаторлар заң жобасын мақұлдады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Францияның қылмыстық істерді бірігіп тергейтіні хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама