×

Астанада ұлттық пікірсайыс турнирі өтеді

Дебаттың финалды кезеңінде 120 оқушы бақ сынайды

 Динара Амантай 08.02.2023 | 12:05
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада Алғыс айту күніне арналған ұлттық пікірсайыс турнирі өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 16-17 ақпанда өтетін ұлттық пікірсайыс турнирінде 120 спикер бақ сынайды.

Бұған дейін Ұлттық пікірсайыс турнирінің аудандық, қалалық, облыстық кезеңдері өтті. Оған қазақ, орыс және ағылшын лигаларынан 43 мың пікірсайысшы қатысқан болатын. Финалға Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 120 спикер жолдама алды. Олар – білім беру ұйымдарының 9-11 (12) сынып оқушылары.

Бағдарлама бойынша «Бірлік» танысу кеші, ынтымақтастыруға арналған тренинг, «Quiz, Please» ойын-сауық шарасы, турнир қатысушыларының әсері туралы блиц-сұхбат, экскурсия ұйымдастырылады. Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, сыйлықтармен, үздік спикерлер дипломдармен, команда жаттықтырушылары алғыс хаттармен марапатталады, – дейді  Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Ұлттық пікірсайыс турнирінің қорытынды кезеңі Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында болады. Сайыстың барлық кезеңі американдық парламенттік формат (AПФ) бойынша өткізіледі.

Айта кетсек, қазір республика бойынша 6 726 пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Онда 120 мыңнан аса оқушы құқықтық мәдениетті, азаматтық белсенділікті, жауапкершілікті, шығармашылық және сыни ойлауды, командада жұмыс істеуді үйренеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама